Мемлекеттегі заң мен тәртіп – қоғамдағы тұрақтылық кепілі. Үкімет тарапынан қабылданған Заңдар жауапкершілік ережелерін белгілейді, азаматтардың құқықтарын қорғайды, әділеттілікті қамтамасыз етеді әрі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді. Заңды сақтау қоғамның дамуы, қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқатының негізін құрайды. Елімізде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін заңды сақтау қажет.
Демократиялық қоғамда халық атынан сайланған өкілдер заң қабылдайды және азаматтардың мүдделерін қорғайды. Заңдар халықтың ерік-жігерін көрсетеді және оны орындау әркімнің басты міндеті болып табылады. Сондықтан еліміздің әрбір азаматы заңдарды сақтау үшін өз жауапкершілігін сезінуі тиіс және заңдылық пен тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуы маңызды. Әрбір азамат өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, белгіленген заңдарға мойынсұнғанда ғана қоғамда тәртіп пен әділеттік қалыптасады. Ал қоғамда тәртіп пен әділеттікті қалыптастыру үшін не істеу керек? Алдымен, әрбір адам заңды білуге міндетті, себебі заңды білмегендік жауапкершіліктен босатпайды. Демек, қоғам мүшелері өз құқықтарымен қоса, жауапкершіліктерін де білуі тиіс. Бұл мектеп қабырғасынан бастау алып, отбасы мүшелерінің тәжірибесі негізінде тәрбиесі ісінде бекітілуі тиіс. Заң биліктен жоғары тұрса ғана әділеттік орнайды. Заң алдында бәрі бірдей болуы тиіс. Қоғамда заңға қайшы әрекеттің куәсі болса, әрбір азамат оны болдырмауға тырысуы тиіс. Тиісті органдарға хабарлап, тәртіп бұзушының жазалануына себепкер болса, сонда ғана қызметін асыра пайдалану деректері азаюы, уақыт өте келе мүлде жойылуы мүмкін. Мұндай заң бұзушылықты болдырмау жолы – заңды қатайту, жазаны күшейту.
2024 жылғы "Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде" Transparency International халықаралық рейтингісіне қатысқан 180 елдің ішінде Қазақстан Республикасы 88 орында тұр. Бұл қоғамдағы жемқорлықтың жоғары екенін көрсетеді.
«Сыбайлас жемқорлық» сөзі (латын тілінен «corumper») көптеген мағынасы бар: бүлдіру, құлдырау, параға сатып алу, азғыру, тура жолдан тайдыру, притон, құбылмалылық, істі бұзу, күйреуге әкелу, бұрмалау, алдау, қорлау, ар-намысын таптау, «rumpere» көп мағыналы (бұзу, қирату, заңнан аттап өту, шартты бұзу) етістігімен қатар қолданылатын «со» қосымшасы сыбайлас жемқорлық – бұл бірнеше субъектілердің қатысуымен іс-қимыл жасау екенін көрсетеді [1, 7].
Сыбайлас жемқорлық – бұл жеке мүдделер үшін билікті асыра пайдалану, ол мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсіретіп, қоғамның дамуын тежейді. Ол әртүрлі нысандарда көрініс табады, соның ішінде парақорлық, тамыр-таныстық, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және басқа да заңсыз немесе әдепке сай келмейтін әрекеттер.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында мүдделер қақтығысы «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда осы аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін» деп айқындалады [2].
Сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша сотқа тартылған лауазымды тұлғалардың ішінде әкімдік өкілдері мен құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері де болған. Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыстарының түрлері мыналар: пара беру, пара алу, парақорлықта делдалдылық жасау, қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалану, қызметтік жасанды іс, сондай-ақ басқа да қылмыстар жатады [3]. Демек, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы тиіс. Ол қоғамдық сана ұғымымен астасып жатады. Қоғамдық сана адамгершілік, әділеттілік, ар-намыс, ұлттық мүддемен байланысты болады. Адамгершілік нормалары қатаң сақталатын қоғамда заңдар қатаң сақталады, мұндай жағдайда жемқор адамдардың қылмысқа баруына мүмкіндік болмайды. Олар өзін қолайсыз сезінеді, оның іс-әрекеті шектелген және өзінің қылмыстық мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмайды. Басқаша айтқанда, мораль (қолданыстағы мінез-құлық ережелерінің жиынтығы ретінде) және жоғары өнегелі орта жемқордың қылмыстық іс-әрекетін аса қиындатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру үшін жазалау шаралары жеткіліксіз. Сот тағайындайтын жазаның қаталдығы мен жұрт алдында тұтқындау кезінде қарапайым адам оның алдына қазіргі болмыс қойған қарапайым сұрақтарға жауап табуы тиіс. Өзі байқаған нәрседен адам сыбайлас жемқорлыққа және оның қоғам өмірі мен өзінің өмірлік қағидаттарына жағымсыз ықпалына қатысты өз тұжырымын жасайды. Адамгершілік ұстанымы биік, ары таза адам түсінігінде сыбайлас жемқорлық мазмұны былайша сипатталады:
– өзі үшін, өз елі және оның болашағы және, ұлттық қауіпсіздікке төнетін нақты қауіп;
– қоғам алдындағы кешірілмес қылмыскер, елін сатқандық;
– мемлекеттің құрылысына, өнегелік құндылықтарына қол сұғатын және бұқара санасына жалған құндылықтарды енгізу үшін жағдайлар жасайтын қылмыстық идеологияны заңсыз енгізу;
– ұлттық байлықты тонау және қоғамдық сананы бұзу арқылы параға сатып алу және заңсыз баюдың қылмыстық сызбасы;
– заңдар жұмыс істемейтін және әділдікке орын жоқ әділетсіз өмір.
Бұл түсінікті өскелең ұрпақ санасына сіңдіру үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес, оған төзбеушілікті жас буыннан бастау керек. Көкшетау қаласының жалпы білім беретін мектептерінде ювенальдік полиция қызметкерлері мектеп оқушыларына қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік ережелерін сақтау, сыбайлас жемқорлықпен күрес қағидалары туралы дәрістер оқыды. Ата-аналармен жұмыстар полиция қызметкерлері мен педагогтардың бірлесе атқарған жұмысы болып табылады.
Жемқорлықпен күрестің келесі қадамы әлеуметтік бағдарланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың болуы және оның жұмыс істеуі. Мысалы, экономикасы өте жоғары дамыған Сингапурда әлеуметтік бағдарланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама әрекет етеді. Жемқорлықты болдырмау туралы акті мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын индекстеуді және тұрақты арттырып отыруды, қағазбастылық кедергілерді болдырмау үшін азаматтармен, кәсіпорындар және ұйымдармен өзара іс-қимыл рәсімдерін жетілдіру, бақылау мен қадағалаудың тиісті ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық орнықты байланыстарды қалыптасуын болдырмау үшін кадрлар ротациясы, қызметтік ақпараттың сыртқа шығып кетуін болдырмау үшін құпиялылық режимін қамтамасыз етуді көздейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспарларды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нақты шараларын (әрбір 3–4 жылда) қайта қарау көзделген [4].
Заңның орындалуы әр азаматтың ішкі санасы мен жауапкершілігіне байланысты. Бұл ұстанымды қалыптастыру үшін балалық шақтан бастап дұрыс тәрбие беру аса маңызды. Жеткіншектің бойына адамгершілік пен әділдік ұғымдарын сіңіруде ата-ананың да, мектептің де, құзырлы органдардың да, полицияның да міндеті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері: оқу құралы / Жалпы редакциясын басқарған б.ғ.д., профессор Б. С. Абдрасилов. – Астана: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, 2016. – 176 б.
2 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы: Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңы. http://adilet.zan.kz
3https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-akmolinsk/press/news/details/931774
4 National anti-corruption strategy: the Singapore experience. http://www.unafei. or.jp/english/pdf/RS_No86/No86_14VE_Hin1.pdf.