Батырлар жырының эпикалық құрылымы мен тәрбиелік маңызы
2017 жылғы 30 қаңтарда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мәжіліс залында Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллинге Батыр атағы берілген күнге арналған «Батырлар жырының эпикалық құрылымы мен тәрбиелік маңызы» атты конференция өтті.
Бұл айтулы іс-шараға Көкшетау қаласының білім беру ұйымдары директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері, жалпымектептік ата-аналар комитетінің төрағалары қатысты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясында міндеттелген, жас ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлес қосу және Мәлік Ғабдуллиннің педагогикалық тәрбие беру дәстүрін жалғастырып, мектеп пен музей арасында шынайы байланыс орнату, «Мәңгілік ел» идеясының қадір-қасиетін арттыру мақсатында Батыр атындағы музейде «Ағалы-іні қос батыр, қияметтік дос батыр» атты мүшәйра өтті.
Конференция барысында М.Ғабдуллиннің ұлттық фольклор табиғаты және оның жанрлық түрлері мен ерекшеліктері жан-жақты әрі терең баяндалған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығы мен «Қазақ халқының батырлық жырлары» атты күрделі зерттеуі, монографиялары, ғылыми ізденістері жан-жақты тарқатылып, баяндамалар жасалды.
М.Ғабдуллиннің халық ауыз әдебиеті шығармаларының, сан ғасырлық халықтық мұралардың идеялық-көркемдік қасиетінің қуат-күші жастардың патриоттық сезімдерін тәрбиелеуде пәрменді қызмет атқаратынын атап көрсеткен еңбектері тілге тиек етіліп, қатысушылардың назарына ұсынылды.
Ғибратты ғұмыры келер ұрпаққа темірқазық іспетті күллі қазақ ұлтының айбынын асқақтатқан ерен тұлға, Мәңгілік Ел болу мұраты жолында жақсылардың ұлағатын ұлықтаудан танбаған абзал азамат, Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірін жас ұрпаққа жан-жақты насихаттауды, танытуды мақсат тұтқан конференция мазмұнды да тағылымы мол іс-шара болды.