Қадірменді ұстаздар, ата-аналар! Қымбатты оқушылар!
Сіздерді білім мен ізгіліктің мерекесі болып табылатын 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн - педагогтар үшін еңбек жолында жаңа кезеңнің басталуы болса, оқушылар үшін ғылым заңдары мен қоғамдық өмірдің, ғажайып білім әлемінің жаңалықтарын ұғынудың кезеңі.
Адам баласы барлық арман, мақсаттарына сарқылмас қазына- білім арқылы ғана жете алады.
Бүгінгі оқушы- білім бәсекесіне төтеп бере алатын, санасы ашық, халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, осы тамаша заманның керемет мүмкіндіктерін пайдаланып, үштілді еркін меңгерген озық ойлы, өрісі кең, белсенді тұлға болуы тиіс.
Қаламыздың мұғалімдері жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, қажырлы еңбектерінің оң нәтижесімен білім беру саласының мәртебесін көтеруге үлкен үлестерін қосып келеді.
Ұстаздарға зор денсаулық, отбасыларына амандық, кәсіби жетістіктер, ата-аналарға – өз балаларына деген үлкен махаббат пен мақтаныш тілеймін.
Жаңа оқу жылы танымды, толағай табысты, педагогикалық ізденістерге жаңа да тың серпін берер, қуанышты оқиғаларға толы жыл болсын.
«Ақмола облысы білім басқармасының
Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімі» ММ
басшысы А.Б.Нугертаева