Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесі
Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі.
Ағымдағы жылғы 28 тамызда Көкшетау қаласы білім беру қызметкерлерінің жаңа форматтағы тамыз кеңесі өтті. Кеңес жұмысына қала әкімі Ермек Боранбаевич Маржықпаев, педагогикалық еңбек ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары және қала мектептерінің ұстаздары қатысты.
Педагогтардың бұл маңызды кездесуі ойы бір арнаға тоғысқан пікірлес адамдардың сұхбат алаңына айналып, жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар назарына өткен оқу жылындағы атқарылған жұмыстар туралы бейнефильм ұсынылды, Көкшетау қаласы білім бөлімінің басшысы Б.А. Жусупов «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбында баяндама жасап, Көкшетау қаласының білім беру ұйымдарының қызметі оқыту сапасын, қолжетімділігін және тиімділігін арттыруға бағытталғандығын атап көрсетті. Қала әкімі Ермек Боранбаевич Маржықпаев 2016-2017 оқу жылын қорытындылап, білім бөліміне тапсырмалар берді.
Өткен оқу жылының рейтингтік көрсеткіштері бойынша №3 МГ және №21 ОМ физика кабинетін алу үшін 2 миллион 400 мың теңге сертификаты, №10 «Алтын бала» бала бақшасы интерактивті жабдық алуға 1 миллион теңге сертификаты, оқушыларды әр түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен конкурстарға дайындауда жоғары жетістіктерге жеткен
педагогтар оқу кабинеттерінің материалдық базасын жақсартуға 300 000 теңге сомасы сертификатына ие болды. Көкшетау қаласы білім беру жүйесінде алдағы уақытта дәстүрге айналар ұстаздық еңбек жолын енді бастаған жас мамандарға алғаш рет қала әкімінің сыйлығы табысталды. М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының физика мұғалімі Савельев Руслан Александрович, М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясының ағылшын тілі мұғалімі Сайлаубекова Рауан Шоматовна, балалар музыкалық мектебінің қыл қобыз сыныбы бойынша оқытушысы Оразке Биржан Жанатович аталған құрметті сыйлық иегерлері атанды.
34 секция отырыстарында жаңартылған білім беру мазмұнын іске асыру жағдайында мұғалімді әдістемелік сүйемелдеу, оқыту технологиясын қолдану арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру жолдары туралы мәселелері және т. б. талқыланды. Секция жұмыстары әр түрлі формаларда өтті: шеберлік-сыныптары, тренингтер, дөңгелек үстел, коучинг, тұсаукесер, және пікірсайыстар. Тамыз кеңесі
күні қала әкімі Е.Б. Маржықпаев «Көкшетау дарыны» дарынды балаларды дамытуға арналған орталыққа барды. Орталық дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту мақсатында ашылды. Сонымен қатар, осы айтулы күні балаларды 2 жастан бастап қабылдайтын «Мейірім» ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың дамуын түзету орталығы іске қосылды. Орталықтың негізгі қызметі балалар мен олардың ата-аналарына кешенді психологиялық - педагогикалық қолдау көрсету болып табылады. Тәрбие мен оқыту мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, орталықта балалардың шығармашылық іс-әрекетпен айналысу мүмкіндігі де көзделген. Көкшетау қаласының әкімі «Мейірім» балалардың дамуын түзету орталығына материалдық-техникалық жабдықтауы мен оқу үдерісін ғылыми - әдістемелік қамтамасыз етуге екі миллион теңге сертификатын және «Көкшетау дарыны» дарынды балаларды дамыту орталығына бір миллион 500 мың теңге сертификатын табыс етті.