Жаңа жыл - өзімен бірге қашанда сән-салтанат пен шаттық, келешекке деген сенім мен үміт әкелетін ғажайып мереке, өткенімізді саралап, келешекті бағамдайтын маңызды сәт.
Сіздерді таза көңіл, ыстық ықыласпен келе жатқан 2024 жылмен құттықтаймын. Жаңа жыл босағаларыңыздан ырыс пен берекенің бастауы, жақсылық пен қуаныштың жаршысы болып аттасын.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дегендей, келер жылда ұшқыр арман-мақсаттарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын.
Жаңа жыл еліміздің білім саласын әлемдік деңгейге жеткізу жолында еңбектеніп жүрген баршаңызға тың шығармашылық ойлар, биік кәсіби жетістіктер, жарқын кездесулер мен қуанышты оқиғалар, тамаша бастамалар жылы болсын.
Мықты денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға амандық, тамаша көңіл-күй тілеймін. Еліміз аман, іргеміз бүтін, жеріміз тыныш болып, қасиетті Отанымыз өркендей берсін!
Білім саласының дамуына, шәкірттерді тәрбиелеу мен оқыту ісіне елеулі үлес қосқан білім саласының шеберлері, қадірлі педагогикалық еңбек ардагерлері, сіздерді келе жатқан Жаңа 2024 жылмен шын жүректен құттықтаймын. Заман ағымынан қалыспай өскелең ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытып келесіздер. Тіршіліктің қызығын көріп, отбасыңыз бен жақындарыңыздың қамқорлығына, құрметіне бөлене беріңіздер.
Қымбатты оқушылар! Жаңа 2024 жыл құтты болсын!
Халқымыз «Өсер елді өскелең ұрпағынан таниды» деген сөзді бекер айтпаған. Ата-ананың үкілі үмітін ақтайтын, туған еліміздің асқақ рухын сақтайтын, ақылды да алғыр, зерделі де зерек ұлағатты ұландары болып өсіп-өркендеулеріңе тілектеспін.
Жаңа Жыл құтты болсын!
«Ақмола облысы білім басқармасының
Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімі» ММ
басшысы А.Б.Нугертаева